Жыл қорытындысы: еліміздің денсаулық сақтау саласындағы 7 басты жетістік
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде елдің денсаулық сақтау жүйесінде қол жеткізілген негізгі жетістіктерді жариялады. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат нақты көрсеткіштермен дәлелденіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өмір сүру ұзақтығы артты
2024 жылы Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда өсті. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, еліміз Орталық Азия елдері арасында бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр.
Адами даму индексіндегі серпіліс
БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы есебінде Қазақстан бір жылда 7 сатыға жоғарылап, 193 елдің ішінде 60-орынға орналасты. Бұл – әлеуметтік және медициналық реформалардың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Медициналық қызметке қанағаттану деңгейі өсті
Азаматтардың медициналық қызмет сапасына қанағаттану көрсеткіші 2024 жылғы 41,9%-дан 2025 жылы 43,2%-ға дейін артты. Бұл реформалардың халық арасында нақты нәтиже беріп жатқанын аңғартады.
Инфекциялық емес аурулардан болатын өлім азайды
Қазақстан инъекциялық емес аурулардан болатын өлімді азайту бойынша әлемнің ТОП-10 елінің қатарына енді. ДДҰ деректеріне сәйкес, еліміз 2025 жылға қарай бұл аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 25%-ға төмендету жөніндегі нысаналы көрсеткішке қол жеткізген Еуропалық өңірдегі он елдің бірі болды.
Жалпы және нәресте өлімі төмендеді
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы өлім 2,7%-ға, ал нәресте өлімі 20,2%-ға азайды. Ел бойынша 18 перинаталдық орталықта жұмыс істейтін «Бір күндік клиникалар» 100 мыңға жуық жүкті әйелге 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетті. Бұл шаралар нәресте өлімін 15%-ға, ал туа біткен даму кемістіктерінен болатын мүгедектікті 7,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Ана өлімі – тарихи минимумда
2025 жылы ана өлімі 12%-ға төмендеп, ең төменгі деңгейге жетті. «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында әйелдер жүктілікті жоспарлау кезеңінде МӘМС есебінен 12 тегін тексеруден өте алады. ДДҰ Қазақстанды ана өлімін төмендету бойынша өңірлік үлгі ел деп таныды.
Фармацевтика мен цифрландыру қарқын алды
Денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар 8,4%-ға өсіп, 920 млн АҚШ долларын құрады. Онлайн-медицина арқылы 2025 жылы 2,7 млн қызмет көрсетілді. Сонымен қатар 2029 жылға қарай отандық дәрі-дәрмек үлесін 50%-ға жеткізу жоспарланған.
Кадрлық әлеует күшейтілді
2025 жылы медициналық жоғары оқу орындарын 10,5 мың түлек тәмамдап, олардың 34%-ы ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілді. Нәтижесінде дәрігер тапшылығы 20%-ға, орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 7%-ға қысқарды.
Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыру мақсатында жалғасын табады.