Өскемен қаласында «Заң және тәртіп» бастамасы аясында Өскемен жылу электр орталығының жұмысшы жастарының қатысуымен диалог алаңы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесудің бастамашысы Шығыс Қазақстан облысының Жастар ресурстық орталығы болды.
– Біздің негізгі мақсатымыз қолданыстағы заңнаманың негізгі нормаларын түсіндіру, құқық бұзушылық пен есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар арасында құқықтық сауаттылық пен жауапты азаматтық мінез-құлықты қалыптастыру, – деді облыстық Жастар ресурстық орталығының қызметкері Шыңғысхан Серіков.
Диалогқа Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының және облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының өкілдері қатысты.
– Қазіргі таңда облыста ең көп таралған қылмыстардың қатарына алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ балаларға қарсы қылмыстар жатады. Өңірде “URPAQ” жобасы іске асырылуда. Осы аттас Telegram-бот арқылы балалардың құқықтарының бұзылуы туралы ақпарат жиналып, түскен сигналдарға жедел әрекет етіліп, шұғыл көмек көрсетіледі. Кез келген азамат, соның ішінде бала да, анонимді түрде көмек сұрай алады немесе кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты мәліметтерді жолдай алады, – деді Өскемен қаласы бойынша бөлімнің прокуроры Диас Сайранқанов.
Кездесу барысында алаяқтықтың алдын алу және кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
– Біздің кәсіпорында заңға бағынатын, жауапкершілігі жоғары, өз міндеттері мен заң талаптарын жақсы білетін мамандар жұмыс істейді. Соған қарамастан, мұндай түсіндіру кездесулері өте маңызды. Қазіргі таңда қандай алаяқтық схемалар қолданылып жатқанын, олардың құрбаны немесе байқаусызда қылмысқа қатысушы болып кетпеу жолдарын білу, өзекті статистиканы түсіну қажет. Сонымен қатар жақын адамдарға дер кезінде қалай көмектесу керегін де білу маңызды», – деді Өскемен ЖЭО-ның жетекші инженері Сырым Өмірзақов.
Диалог алаңы аясында жастармен заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік, сондай-ақ жас мамандардың қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі талқыланды.
Роксана Глыбова
Аударған: Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Артем Жигулин
Видео: Евгений Щетников