KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
495.1 583.72 6.46

Былтыр мүгедектігі бар адамдарға портал арқылы 595 мыңнан астам қызмет көрсетілді

12.01.2026, 12:00 167 Ержан Әбіш

2025 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға 595,6 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Оның ішінде шамамен 440 мың адам оңалтудың техникалық құралдарымен, 9,8 мыңы ымдау тілі қызметімен, 26,5 мыңы жеке көмекшімен, ал 119,3 мыңы шипажайлық-курорттық емдеу қызметімен қамтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар азаматтарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызмет түрлерін көрсететін өндірушілер мен жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Қызметке тапсырыс беру алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы расталады. Ал тапсырыс берілген оңалту құралдарын жеткізу арқылы немесе жеке өзі алып кету жолымен алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету аясында протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар ұсынылады.

Қазіргі уақытта Порталда 595 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1 084 оңалтудың техникалық құралдарын жеткізуші, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 766 ымдау тілі қызметін көрсетуші және 124 шипажайлық-курорттық емдеу ұйымы тіркелген.

Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын пайдалану бойынша кеңесті 1414 бірыңғай нөмірі арқылы қолдау байланыс орталығынан алуға болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу