Биыл әскери қызметшілердің жалақысы өседі
2025 жыл Қазақстанның әскери қызметшілерін әлеуметтік қолдау жүйесінде ауқымды әрі мазмұнды өзгерістермен есте қалды. Әлеуметтік саясат ақшалай қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамту, білім беру, отбасыларды қолдау және қызметтен кейінгі өмірге бейімдеу бағыттарын қамтыды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – жалақының өсуі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлік құрамның айлығы орта есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 33,9 пайызға артты. Сонымен қатар бұрын жойылған далалық төлемдер қайта енгізілді. 1 шілдеден бастап әскери қызметшілерге далалық шығулар, теңіз жорықтары мен оқу-жаттығуларға қатысқан әрбір тәулік үшін 1,2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем төлене бастады.
Алдағы кезеңде жалақыны арттырудың екінші кезеңі жоспарланған. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлердің еңбекақысы тағы 23 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 10 пайызға ұлғаймақ.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында да оң өзгерістер бар. 2025 жылғы қарашадан бастап «Отбасы банк» әскери қызметшілерге арналған арнайы ипотекалық бағдарламаларды іске қосты. «Әскери баспана» бағдарламасы қайталама нарықтан үй алуға мүмкіндік берсе, «Наурыз әскери» бағдарламасы бастапқы жарнасыз жаңа тұрғын үй сатып алуға жол ашты.
Әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету де күшейтілді. 2025 жылы мыңнан астам бала «Балдәурен» балалар сауықтыру орталығында демалып, денсаулығын нығайтты.
Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында Sarbaz 2.0 цифрлық жобасы іске асырылды. Нәтижесінде 9 мыңнан астам үздік сарбаз жоғары оқу орындарына білім беру гранттарына ие болды. Сондай-ақ 20 мыңнан астам сарбаз жалпы сомасы 8 млрд теңгеге жуық «несиелік демалыс» мүмкіндігін пайдаланды.
Жаңа бағыттардың бірі – әскери қызметшілерді қызметтен кейінгі өмірге бейімдеу. Қорғаныс министрлігі зейнетке шығар алдында әскери қызметшілерді қайта даярлау бағдарламасын енгізіп, олардың азаматтық салада жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап отыр.
Қабылданған бұл шаралар әскери қызметтің беделін арттырып, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.