Президент: "Әскерилердің жалақысы 60 пайызға жоғарылайды"
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Оймаша» полигонында өткен «Отпантау-2021» шұғыл-стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барды.
Жоғарғы Бас қолбасшы Бас штабтың алдыңғы шептегі пунктін аралап көріп, Қорғаныс министрінің, әуе қорғанысы, құрлық әскері, әскери-теңіз және десант-шабуылдаушы әскерлер күштері басшыларының, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы мақсаттағы бөлімдердің дайындығын тексеріп, қару-жарақтар мен техникалардың заманауи түрлерін көрді, сондай-ақ Ақтаудағы әскери госпиталь мен Маңғыстау облысындағы авиациялық инфрақұрылымның құрылыстарына қатысты презентациямен танысты.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілерге кешенді әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне де тоқталды.
– Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында мінсіз қызметтері үшін әскери қызметшілерге алғыс айтып, еліміздің қауіпсіздігін берік қорғайтындарына сенім білдірді.