KZ
Өскемен
-17°
снег жел 1 м/с, С
505.71 591.43 6.65

Еліміздің барлық автожолдарында мобильді байланыс қамтамасыз етіледі

20.01.2026, 10:30 3 209 Ержан Әбіш

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» АҚ ел автожолдарының бойында тұрақты мобильді интернет пен байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялық инфрақұрылым салу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылып, мобильді байланыс жоқ немесе тұрақсыз учаскелердегі «ақ дақтарды» жоюға бағытталған. Оның нәтижесінде жүргізушілер мен жолаушылар жол бойында интернетке қосылып, навигация қызметтерін пайдалана алады, шұғыл қоңыраулар жасай алады, сондай-ақ мемлекеттік және банк сервистеріне қол жеткізе алады.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады: республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 2026 жылдың соңына дейін; облыстық маңызы бар жолдар – 2027 жылдың соңына дейін.

«Транстелеком» АҚ жобаны мемлекеттік қаржыландырусыз, өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 40 мың шақырымнан астам жол қамтылады. Жол бойындағы тұрақты байланыс жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жедел қызметтердің әрекет ету жылдамдығын жақсартады, сондай-ақ көлік ағынын интеллектуалды басқару және жол жағдайын мониторингтеу технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында 500-ден астам антенна-мачталық құрылыстар мен мобильді байланыс базалық станциялары салынады. Құрылған инфрақұрылым басқа ұялы байланыс операторлары үшін де қолжетімді болады, бұл барлық азаматтар үшін байланыс сапасын едәуір жақсартуға ықпал етеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу