Цифрлық серпіліс: Зимовье ауылына мобильді интернет қосылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шалғай өңірлердегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық бағдарламасы қабылданған болатын. Аталған жоба үш негізгі бағытты қамтиды, соның бірі – цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағытта антенна-мачталық құрылыстар орнату, талшықты-оптикалық байланыс желілерін және республикалық, облыстық маңызы бар автожолдар мен ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтуға арналған электр желілерін тарту көзделген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде бұл жоба кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда шалғай ауылдарға интернет желісі тартылып, тұрғындарға сапалы әрі тұрақты байланыс қолжетімді бола бастады.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданына қарасты Зимовье ауылында «Мобайл Телеком-Сервис» байланыс операторы (сауда белгісі – Tele2 / Altel) 3G технологиясы арқылы мобильді интернетпен қамтыды. Жоба аясында аудандық бюджет есебінен антенна-мачталық құрылғы орнатылды.
Бүгінде Зимовье ауылының тұрғындары тұрақты мобильді байланыс пен интернетті еркін пайдаланып отыр. Бұл олардың ақпарат алу, байланыс орнату, сондай-ақ мемлекеттік және цифрлық қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтті.
Мұндай бастамалар ауылдағы өмір сапасын арттыруға, цифрлық теңсіздікті жоюға және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін береді.


