ШҚО тарихи-өлкетану музейінде Қайым Мұхамедхановқа арналған көрме өтіп жатыр
Қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, абайтанушы, шәкәрімтанушы, текстолог, ақын, драматург әрі қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қайым Мұхамедхановтың мұрасы – ел қазынасы» атты тағылымды көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған көрме – бір ғана тұлғаның өмір жолын емес, тұтас қазақ рухани кеңістігінің қалыптасу кезеңдерін айқындайтын маңызды мәдени оқиға. Экспозицияда ғалымның балалық және жастық шағынан бастап, өмірінің соңына дейінгі ғылыми және шығармашылық жолын қамтитын фотосуреттер, архивтік құжаттар, қолжазбалар мен ғылыми еңбектер ұсынылған. Көрме материалдары Қайым Мұхамедхановтың тағдырлы өмірі мен күреске толы ғылыми қызметін жан-жақты ашады.
Көрмеде ғалымның Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасын зерттеудегі еңбектері де кеңінен қамтылған. Ұзақ уақыт бойы тыйым салынған Шәкәрім шығармаларын ғылыми негізде халыққа қайтару жолында Қайым Мұхамедханов айрықша еңбек етті. Сондай-ақ экспозицияда Алаш қайраткерлері, Бұқар жырау, Махамбет және қазақтың батырлық жырлары туралы зерттеулері де көрініс тапқан.
Ғалымның қызметі тек әдебиеттанумен шектелмейді. Көрмеде Қайым Мұхамедхановтың мемлекеттік рәміздер тарихындағы орны да айрықша аталады. Ол 1943 жылы Қазақ КСР-інің алғашқы гимнінің мәтінін жазып, байқауда жеңіске жеткен. Сонымен қатар 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына арналған конкурсқа қатысып, елдік мүддені бәрінен биік қойған азаматтық ұстанымын көрсетті.
Экспозицияда Қайым Мұхамедхановтың ақындық және аудармашылық қыры да қамтылған. Қуғын-сүргін жылдарында, соның ішінде «Карлаг» лагерінде жүріп жасаған көркем аудармалары оның рухани беріктігі мен шығармашылық қуатының айқын дәлелі ретінде ұсынылған.
«Қайым Мұхамедхановтың мұрасы – ел қазынасы» көрмесі – ғалымның сан қырлы мұрасын бүгінгі ұрпаққа таныстырып, ұлттық руханияттың сабақтастығын дәріптейтін тағылымды жоба. Көрме арқылы келушілер бір ғалымның өмірлік еңбегі арқылы тұтас бір дәуірдің рухани келбетін тани алады.






