Ұлан ауданында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрыла бастады - ШҚО
«Ауыл Аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Алмасай ауылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту бойынша пилоттық алаң ретінде белгіленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірге жұмыс сапарымен «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев келіп, бірқатар ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысымен танысты. Ол «Мухамади» және «УАҚ 1» кооперативтерінде болып, сондай-ақ Ұлан ауылындағы «Дамир – 2024» кооперативінің қызметін көрді.
Сапар барысында кооперацияны дамыту, жеке қосалқы шаруашылықтарды бірлескен қызметке тарту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, салықтық тәртіпті сақтау және ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Алмасай ауылында кооператив мүшелері мен жеке қосалқы шаруашылық иелерімен кездесу өтті. Жиын барысында ауыл экономикасын одан әрі дамытуға қатысты негізгі міндеттер талқыланды.
Бүгінде мал шаруашылығы саласында 12 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жобалары дайындалған. Оның ішінде 5 жоба Алмасай округінде жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 4 бордақылау алаңы мен 1 сүт-тауарлы ферма құрылуда.
Фото: Ұлан ауданы әкімдігі










