KZ
Өскемен
-1°
туман жел 1 м/с, З
494.87 520.65 4.91

Ауыл аманаты: ШҚО-да 235 жұмыс орны құрылды

vera.kz

21.11.2023, 16:26 278

Мемлекет басшысының ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстанда 213 шағын несие беріліп, нәтижесінде 235 адам жұмыспен қамтылды. 
«Ертіс» ӘКК ресми өкілінің ақпаратына сүйенсек, биыл облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін 1 535 118,0 мың теңге қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сенім білдірілген өкіл болып бекітілді. Қаржыландыру кестесі әзірленіп, әсіресе шекара маңындағы аудандарға басымдық берілді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ертіс» ӘКК басшылығының қадағалауымен аудан және ауылдық округтердің әкімдері аталған бағдарламаны жүзеге асырумен тікелей айналысады. Бағдарлама негізгі 5 бағыт бойынша іске асырылады:

1. Үй маңындағы учаскелерді тиімді пайдалану. 
2. Мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту.  
3. Ауылдан тыс жердегі ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану, жем-шөп дайындау, көкөніс өсіру.    
4. Жем дайындау бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту.    
5. Жеке кәсіпкерлікті дамыту (өндіріс, қайта өңдеу, қызмет көрсету).    

Биылғы қараша айында облыстың барлық ауылдық округтері бойынша скирининг өткізіліп, 109 ауылдық округтің барлық деректері «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесіне жіберілген.

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасы үшін маңызды әрі тиімді сала. Сондықтан 5 негізгі бағыттың 2/3 бөлігін мал шаруашылығы құрайды.
Бүгінде 1 млрд. 749 млн. 818 мың теңге сомасына 237 өтінім қабылданған. 1 535,1 млн. теңгенің 213 шағын несиесі беріліп, 235 жаңа жұмыс орны құрылды.

Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының өз кәсібін дамытуға жеңілдікпен несие алуына мүмкіндік берді. Қарыз алу шарттары өте тиімді:

1) несие мерзімі - 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін;
2) ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда несие сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, атап айтқанда 8 625 мың теңге, кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК-ке дейін-27 600 мың теңге;
3) сыйақы мөлшерлемесі-жылдық 2,5 пайыздан аспайды;
4) кепілдіктің болуы;
6) салық органдарында тіркеудің болуы. 

Бұл несиеге жұмыссыздар да үміткер бола алады.     

- Қажетті құжаттарды жинау регламентке сәйкес жүргізілді. Бағдарлама туралы халыққа әлеуметтік желілер, телеграмм канал, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланып,  ауылшаруашылығы басқармасы мен «Ертіс»  ӘКК мамандары аудан жұртшылығымен кездесіп, түсіндірді. Ауыл тұрғындарының кәсіп бағытын таңдауда шектеу жоқ, шағын несиені тек мал өсіруге, егіншілікпен айналысуға немесе ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге ғана емес, сонымен қатар наубайхана, кондитерлік дүкен немесе туристік бизнесті бастауға да алуға болады. Қазір мемлекеттік қолдаудың басқа шараларымен байланыстыра отырып, 2024 жылға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленуде, - деді «Ертіс» ӘКК ресми өкілі Инабат Қайсанова.

Автор: Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу