Денис Теннің сценарийімен түсірілген фильм жарық көрді
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің сценарийімен түсірілген «Соқыр махаббат» фильмі кинотеатрларда көрсетіле бастады.
Қайғылы оқиғадан бір ай бұрын, 2018 жылдың маусымында Денис Тен фильм сценарийін Screenlife Contest байқауына жолдаған және финалистер қатарынан көрінген.
Түсірілім жұмыстары спортшы өлімінен кейін 2019 жылы басталған. Оған Венеция кинофестивалінің жеңімпазы Чак Че режиссерлік етсе, танымал режиссер Тимур Бекмамбетов пен Денистің анасы Оксана Тен бас продюсер болды.
Елордадағы тұсаукесерге Денис Теннің анасы, достары, танымал актерлер және Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері келді.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтандағы зағиптар қауымдастығы үшін арнайы кинозал әзірленді, онда фильмнің аудиодискрипциясы қатар жүргізілді. Себебі фильм желісі зағип жігіт пен керең және сөйлей алмайтын бойжеткен арасында өрбиді. Жаңа технологиялар мүмкіндігі шектеулі жандардың бір-бірін түсінісуіне көмектеседі.
Фильмнің жалпы ұзақтығы – 33 минут, түсірілім тобы Денистің бастапқы сценарийін барынша өзгеріссіз қалдыруға тырысқан.
Бұл туындының қалай түсірілгені туралы Қанат Бейсекеевтің «Фильм туралы фильмі» қоса көрсетіледі. Деректі фильмде Денистің ағылшын тілінде жазған өлең шумақтары, әндері кинокартинада көрсетілетіні айтылған.