15 өңірдегі сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды
![](/kz/uploads/posts/2022-11/9iphgr1k3tucwje71e4mrbacttiaaqy4swpcjgkn.webp)
Таңертең 7.00-де ашылған 15 өңірдегі сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды.
Қалған 5 өңірде, яғни Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында дауыс беру жалғасып жатыр. Бұл өңірлерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де, астана уақытымен сағат 21.00-де аяқталады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Атап айтқанда, Абай облысында – 475, Ақмола облысында- 717, Алматы облысында – 606, Шығыс Қазақстан облысында – 537, Жамбыл облысында – 493, Жетісу облысында – 447, Қарағанды облысында – 642, Қостанай облысында – 745, Павлодар облысында – 528, Солтүстік Қазақстан облысында – 640, Түркістан облысында – 919, Ұлытау облысында – 136, Астана қаласында – 406, Алматы қаласында - 600, Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі жұмысын тоқтатты.
Енді аталған учаскелерде комиссия мүшелері бюллетендерді санауға кіріседі.
Сондай-ақ Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан ашылған 68 сайлау учаскесінің 10-ы жұмысын бітірді.
57 сайлау учаскесі әлі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бір учаске әлі ашылған да жоқ.
Нақтырақ айтқанда, Сан-Франциско қаласындағы учаске астана уақытымен сағат 21.00-де ашылады.