Бүгін Риддерде жылыту маусымы басталады
Премьер-министр Әлихан Смайылов Риддер жылу-электр орталығында болып, кәсіпорындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Естеріңізге салар болсақ, былтыр аталған ЖЭО-да бірнеше апатты жағдай болып, 60 мыңдай тұрғыны бар Риддер қаласын жылумен жабдықтауда мәселелер туындаған болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Жылу орталығында барлығы 6 қазандық бар, қазір орта қысымды №1 және №3 қазандықтар толықтай жұмыс істеп тұр. №2 қазандық алдағы күндері іске қосылады. Қалған үш жоғары қысымды қазандықтардың жөндеу жұмыстары қарашаның 15-іне дейін аяқталуға тиіс. 6 қазан күні кешке қалаға жылу беру жоспарланып отыр. Өткен қыс бойы тоңып, ыстық суға зар болып шыққан риддерліктер үшін бұл – үлкен қуаныш. Қазір ЖЭО-да 340 тонна мазут (15-18 тәулікке арналған қор), 8 мың тонна көмір (10-15 тәулік) бар.
Жалпы, Риддер ЖЭО-ны жөндеуде бекітілген кестеден кешігу жоқ, атқарылған шаралар өте ауқымды, жылу орталығын толықтай дерлік жаңартуға тура келді. Қазір жөндеу жұмыстарының 89 пайызы аяқталып отыр. Нысанда 16 мердігер ұйымның, «Казцинк» ЖШС-нің және «Өскемен жылу желілері» АҚ-ның жұмыскерлері үш ауысымда еңбек етуде.
Бұдан бөлек Риддерде 2,5 шақырым жылу желелері жөнделіп, 4,5 шақырым жылу желілері жаңадан төселді.
Үкімет басшысына өңірдің алдағы жылыту маусымына әзірлігі туралы да баяндалды. Атап айтсақ, бүгінгі таңда жылумен және сумен қамту желілері, әлеуметтік нысандар, көпқабатты үйлер жылу беру маусымына 100 пайыз дайын. Өскемен жылу-электр орталығының әзірлігі 91 пайызға, ал Согра жылу-электр орталығының әзірлігі 99 пайызға жетті. 32 орталықтандырылған қазандықтың 31-і қысқа сақадай-сай. Халықтың көмірмен қамтылуы – 82 пайыз, қажетті 447 мың тонна қатты отынның 366 мың тоннасы тұрғындар өз үйлеріне жеткізіп алған. Жалпы өңірдегі барлық жылумен қамту жүйелерін жөндеу жұмыстарына осы жылы 29,6 миллиард теңге бөлінген, бұл былтырғы мөлшерден 17,6 миллиард теңгеге көп.