Риддер ЖЭО-ның №1 қазандығы іске қосылды
Бүгін Риддер жылу-электр орталығының №1 қазандығы толықтай іске қосылды.
Бүгінгі таңда, яғни 4 қазанда Риддер жылу-электр орталығында күрделі жөндеуден өткен орта қысымдағы №1 және №3 қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр. №3 қазандықта іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп, 26 қыркүйектен қалаға ыстық су және әлеуметтік мекемелерге жылу беру басталып кеткен. Тұрғындарды жылумен жабдықтау №1 қазандық агрегаты номиналды параметрлеріне жеткеннен кейін басталады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Қалған төрт қазандықтың жөндеу жұмыстары жалғасуда, атап айтсақ №2 қазандықтағы жаңарту жұмыстарының 98 пайызы, №4 қазандықта 76 пайызы, №5 қазандықта 68 пайызы, №6 қазандықта 81 пайызы атқарылған.
Қолданыстағы төтенше жағдай режимі аясында Риддер ЖЭО үшін көмір мен мазут сатып алуға қаражат бөлінгені белгілі.
Осы жылдың 25 қыркүйегінде «Қаражыра» АҚ-мен көмір жеткізу жөнінде шарт жасалған. Ал 28 қыркүйекте «Petrosun» ЖШС-мен мазут жеткізу бойынша келісімге қол қойылған болатын. Көмір мен мазутты жөнелту осы шарттарға сәйкес жүріп жатыр.
Қазір ЖЭО-да 270 тонна мазут, 7500 тонна көмір немесе 10-15 күндік отын қоры бар.
ЖЭО-ның қала бойынша тұтынушылар саны – 21 719, оның ішінде 1777 жер үй, 19151 пәтер, 716 заңды тұлға, 72 бюджеттік мекеме, 3 өндіріс орны бар.