«Magnum»-дағы дүрбелеңге қатысты «СЭС» не дейді? Шара қолдана ма?
Карантинге қарамастан Өскемен қаласында «Magnum» сауда желісінің филиалының ашылу шарасы кең ауқымда өтіп, онда жиналған адам қарасы қалың болды. Десе де, дәл сол күні қаулыға сәйкес, қалалық автобустар тасымалы тоқтап тұрды. Ал эпид ахуал ушығып тұрса да, гипермаркет әкімшілігі акция ұйымдастырған.
Осыған қатысты Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті пікір білдірді.
- 2021 жылғы 14 тамызда Өскемен қаласында шектеу және карантин шараларын бұзу фактісі бойынша, атап айтқанда «Magnum» гипермаркетінің ашылуына орай акция ұйымдастыру және өткізу бойынша ғимарат әкімшілігіне құқық қорғау органдарының қызметкерлері хаттама толтырды. Қазіргі уақытта Өскемен қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына полициядан материал келіп түсті, жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Аталмыш факт бойынша жедел әрекет ету үшін және жағдайды ерекше бақылау қажеттілігімен қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері мен қала әкімі де барған.
- Сол жерде сауда желісінің басшылығымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді және ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қалалық басқарма өкілдеріне санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің сақталуын бақылауды күшейту қажеттілігі туралы тиісті тапсырмалар берілді, - дейді департамент.