ШҚО әкімі: «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша бұдан әрі де қатаң шаралар қабылдаймыз»
Бүгін облыстық мәслихаттың ХХVI сессиясында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша бұдан әрі де қатаң шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, кеше басқарма басшысына қатысты қабылданған шара бұл бағыттағы нақты ұстанымның айқын дәлелі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сессия барысында Күршім ауданында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының іске асырылу барысы қаралды. Жиында сөз алған өңір басшысы заңның үстемдігін қамтамасыз ету — қоғам тұрақтылығы мен мемлекеттік органдарға деген сенімнің негізгі факторы екенін атап өтті.
Сонымен бірге әкім әрбір заңбұзушылық қоғам тарапынан айыпталуға тиіс екенін де атап көрсетті.
Еске сала кетейік, кеше Өскемендегі Шнайдер көпірінде болған апаттан кейін көлік және автомобиль жолдары саласына жүргізілген тексеріс нәтижесінде ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Уахитовтың заңға қайшы әрекеттері анықталғаны хабарланған болатын.
Тексеріс облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдарының қатысуымен жүргізілді. Іс бойынша соңғы құқықтық бағаны уәкілетті органдар береді.
Фото: Махаббат Ахметжанова



