Балдың ішіне телефон, қуаттау құрылғысы мен наушникті тыққан – ШҚО
ШҚО-да түзету мекемесіне жіберілген пошталық сәлемдеме арасынан тыйым салынған заттар табылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында колония қызметкерлері сотталғандардың біріне жеткізілген сәлемдеменің ішіндегі бал салынған ыдыстан тыйым салынған заттар тауып алды. Сәлемдеме пошта арқылы жіберілген.
– Әдетте сәлемдемені сотталғандарға берер алдында мұқият тексеру жүргізіледі, – деді режим бөлімінің бастығы Дәурен Байханов. – Тұрмысқа қажетті көптеген заттардың ішіндегі бал салынған банкаға айлакерлер телефон, қуаттау құрылғысы мен наушник тыққан. Жіберуші поштада сәлемдеменің ішінде түзеу мекемесіне жіберуге тыйым салынған заттар жоқ деп қолхат береді. Енді оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жиналып, сотқа жіберіледі.