Бүгін Кореяда жастардың қысқы Олимпиадасы басталады
Сурет: facebook.com (All news,from the world of figure skating)
Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясында IV қысқы жастар Олимпиадасы жалауын желбіретеді.
Доданың ашылу салтанаты өте қызықты өтеді деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, дәстүрлі жиында Олимпиадалық қозғалыстың тарихы мен болашағы біріктірілмек. Ал спорттық бәсекелер 2018 жылғы Олимпиада ойындарының астанасы әрі Оңтүстік Кореядағы қысқы спорт түрлерінің отаны саналатын Пхенчхан, сонымен қатар, Каннын қалаларында өтпек, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Айта кетейік, биылғы жастар Олимпиадасы тура екі аптаға созылып, 1 ақпанда мәресіне жетеді. Қысқы ойындарға 78 елден келген 1 900-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Канвондо ареналарында Қазақстан намысын спорттың бес түрі бойынша (тоғыз дисциплина) 41 спортшымыз қорғамақ. Алғаш болып жарыс жолына биатлоншылар шығады. Бұдан кейін шорт-трекшілер мен шаңғымен тұғырдан секірушілер сынға түсетін болады. Ал хоккейшілеріміз алғашқы кездесуін Польша құрамасымен өткізеді.
Әдеттегідей, бұл жолы да ұлттық құрама сапында шығысқазақстандық спортшылар аз емес. Мәселен, Корей еліндегі додада сынға түсетін жерлестеріміздің арасынан биатлоншы Антон Редькинді, шаңғымен тұғырдан секіруші Алена Свириденконы, сондай-ақ, шаңғы жарысына қатысатын Виолетта Митропольская мен хоккейші Темірлан Айболұлын атап өтуге болады. Әлбетте, мұндай ірі жарысқа аттанғалы тұрған ел құрамасын шығысқазақстандық могулшыларсыз елестету мүмкін емес. Бұл жолғы ойындарда Қазақстанның намысын екі бірдей спортшымыз қорғайтын болады. Олар: Юлия Феклистова мен Денис Раструба.