Жасөспірімдер арасында қаламгерлер шығармашылығына арналған сайыс ұйымдастырылды – Өскемен
Фото: gov.kz
Биыл қазақ әдебиетінің дара тұлғалары Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл, жазушы, драматург, Катонқарағай ауданының тумасы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл, балалар жазушысы, Зайсан ауданының тумасы Марат Қабанбаевтың туғанына 75 жыл толады. Осыған орай А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада жасөспірімдер арасында командалық сайыс өтті.
Сайыс ұлы тұлғалар шығармашылығын дәріптеуге, жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Байқауға қатысушы 6 команда аталған тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтер ұсынып, сұрақтарға жауап берді.
Байқау нәтижесі бойынша I орынды Абай атындағы гуманитарлық колледждің командасы, II орынды Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары, ІII орынды №49 мектептің командасы иеленді. Жеңімпаздарға диплом, кубок пен сыйлықтар, қатысушыларға алғыс хат пен сыйлық табысталды.