«Парыз» конкурсына үміткерлер құжаты қабылданады
2023 жылғы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсына өтінім қабылдау басталады. Байқау жыл сайын өңірлік және республикалық екі кезеңде өткізіледі.
Лауреаттар лауазымы шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі немесе ірі кәсіпкерлік субъектісі санаттары бойынша беріледі. Конкурс 4 номинация және арнайы сыйлық шеңберінде өтеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады. Құжаттар мына мекенжайда қабылданады: «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ, Киевская к., 1. Телефоны – 56 98 49.
«Үздік ұжымдық шарт» номинациясына құжаттар «Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» ММ К. Либкнехт к., 19 мекенжайы бойынша қабылданады. Телефоны – 25 65 83.
«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясына құжаттар ММ «Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» РММ «ШҚО бойынша экология департаменті», Потанин к., 12 мекенжайы бойынша қабылданады. Телефоны – 76 81 98.
«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясына өтінім мына мекенжайда қабылданады: ММ «Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» К. Либкнехт к., 19. Телефоны – 25 65 83.
Сонымен қатар «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы бекітіледі. Бұл арнайы сыйлық халықтың әлеуметтік осал және аз қамтылған топтарын жұмыспен қамтуға және (немесе) тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобаларға беріледі.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер материалдарын бір данада жергілікті атқарушы органдарға өткізеді. Оның қатарында қосымшаға сәйкес толтырылған өтінім, үміткер өз қызметінің деңгейіне өзі баға беретін және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі бойынша нақты нәтижелерді көрсететін есеп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген нысанда толтырылған сауалнама болуы тиіс. Есепте заңды немесе жеке тұлғаның тарихы, ұйымдық құрылымы және өзге де қосымша ақпарат болуы қажет. Құжат ұсыну осы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Толық ақпаратты www.paryz.kz сайтынан табуға болады.