Алматыда салмағы 6 келіден асатын бала дүниеге келді
Фото: egemen.kz
Алматы қаласында салмағы 6 келіден асатын ұл бала дүниеге келді.
Нәресте №5 қалалық перзентханасында өмірге келді. Салмағы 6 кг 300 грамм болған нәрестенің анасына кесарь тілігі жасалды, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
– Жүкті әйел перзентханаға толғатып түсті, қабылдау кезінде ультрадыбыстық зерттеу баланың салмағы 4 кг 800 грамм екенін көрсетті. Бұл ультрадыбыстық зерттеу кезінде баланың салмағы бастың бипариетальді өлшеміне және құйрық-париетальді өлшеміне байланысты есептеледі, – деді жаңа туған нәресте бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Кененбаева.
Айтуынша, операция сәтті өткен.
– Салмағы 6300 грамм болатын сәби – біздің перзентханада дүниеге келген ең алып бала. Босану операциялық әдіспен жүзеге асырылды. Операция сәтті өтті. Бәрі жақсы аяқталды. Ана мен оның ұлы сау. Бұл – отбасындағы үшінші бала, – деп түсіндірді дәрігер.
Маман атап өткендей, төрт келіден асатын балалар үлкен болып саналады, ал салмағы 5 келіден асатын нәресте алып деп аталады.
– Қазір ана мен баланы перзентхананың медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылап жүр. Анасы мен баласы жақын арада перзентханадан шығуға дайындалып жатыр, – деді дәрігер.
Оқи отырыңыз