“Ертіс орманындағы” ағаштарды заңсыз кесу ісі: сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Фото: egemen.kz сайтынан алынған шартты сурет
Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері “Ертіс орманы” ерекше қорғалатын аумағынан орман ағаштарын заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді.
18 қыркүйекте облыстық прокуратура үйлестірген “Ертіс орманы” резерватында ауқымды операция жүргізілді, деп хабарлайды Altaynews Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері “Ертіс орманы” РММ-де, Шалдай және Бесқарағай орманшылығында, сонымен қатар бірқатар басшылардың тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық санкцияланған тінту іс-шарасын жүргізді. Тінту кезінде құжаттамадан басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болжамды мәліметтер бойынша орманды заңсыз кесуге “Ертіс орманы” РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.