"Ертіс орманы" резерватында орман өртін сөндіру жалғасуда
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Қазіргі уақытта Шарбақты ауданының "Ертіс орманы" резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Орман өртін сөндіруге жеке құрамның 200-ге жуық адамы және 50-ден астам техникасы жұмылдырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жағдайды бағалау және өртті сөндіру үшін Қазавиақұтқарудың, Қорғаныс министрлігі мен Қазавиаорман шаруашылығының 4 тікұшағы жұмылдырылды.
"Өрт орнында командалық-штабтық машина жұмыс істеуде. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарында ТЖМ мен облыстық ТЖД жедел штабтары жұмыс істеуде. Өрттің болжамды ауданы - 800 га. Елді мекендерге қауіп жоқ. Орман өртін сөндіруге қосымша Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының ТЖД күштері мен құралдары 150-ге жуық адам және 30-дан астам техника құрамында жіберілді", - дейді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Өрт орнында жағдайды бағалау және бақылау үшін ТЖ министрі Сырым Шәріпханов пен облыс әкімі Асаин Байханов және ТЖД басшылығы барып, жедел кеңес өткізілді.