Құқық бұзушылықтарды видеоға түсірген азаматтарды ақшалай марапаттау ұсынылуда
Қазақстанда "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заң жобасына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылықтарды бейнекамераға түсіріп, оны уәкілетті органдарға жолдаған азаматтарды ақшалай марапаттау қарастырылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Заң жобасы 8 қазанға дейін қоғамдық талқылауда тұр. Заңның 43-бабында (Құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысқан адамдарды көтермелеу шаралары) әкімшілік құқық бұзушылық фактісін бейнежазба арқылы ұсынған азаматтарға тәртіп бұзушыдан өндірілген айыппұлдың бір бөлігін ақшалай сыйақы ретінде беру немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімімен тегін қоғамдық көлікпен жүру, тегін автотұрақ құқығы немесе басқа да жеңілдіктер ұсынылуы мүмкін екені көрсетілген.
Заң жобасында азаматтардың құқық бұзушылықтарды ескерту, жолын кесу және басқалардан қоғамдық тәртіпті сақтауды талап ету құқықтары алғаш рет айқындалғаны айтылған. Бейнежазбаны бірінші болып жіберген азамат сыйақы алады. Сыйақы беру мемлекеттік бюджет есебінен құпия түрде жүзеге асырылады. Видеоға қойылатын талаптар мен сыйақы беру тәртібі жергілікті атқарушы органдармен анықталады.
Құқық бұзушылықтардың тізімі, соның ішінде қоғамдық орындарды ластау, қалалық инфрақұрылымды бүлдіру (аялдамалар, орындықтар, жарық бағаналары және т.б.), жергілікті әкімдіктер тарапынан белгіленеді. Жаңашылдықтың барлық техникалық және операциялық мәселелері әлі де пысықталуда, ал түпкілікті шешім қоғамдық пікірді ескере отырып қабылданатын болады.