ШҚО-да бейнебақылау арқылы 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған
ШҚО ПД Өскемен қаласының ПБ жедел басқару орталығының қызметкерлері қозғалыс қарқыны жоғары көшелер мен адам көп жиналатын орындарға орнатылған бейнекамералар арқылы түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алады.
ШҚО ПД дерегінше, жыл басынан бері бейнежазба арқылы 115 қылмыс ашылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Дәлірек айтқанда, оның ішінде 47 ұрлық, көлік айдап әкету бойынша 15 дерек, 9 тонау және 6 бұзақылық дерегі анықталған.
Бұдан басқа, 12 867 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 3909 ұсақ бұзақылық (ҚР ӘҚБтК 434-бабы), 683 спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру фактісі (ҚР ӘҚБтК 440-бабы), 5200 жол қауіпсіздігі бойынша құқық бұзушылық бар.
Қазіргі уақытта Өскемен қаласында 5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оларды ПД Жедел басқару орталығындағы мамандар қадағалайды.