KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
511 602.72 6.49

Президент қол қойған жаңа заң: Әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған нақты қадам

22.06.2025, 14:00 266 Гульжан Мусина

2024 жылдың 16 маусымы – Қазақстан үшін маңызды күн. Бұл күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жаңа заңға қол қойды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бұған дейін де қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру, әйелдер мен балаларды қорғау мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде бірнеше рет атап өткен болатын.

– Біз адамдар емін-еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам қалыптастыруымыз керек, – деген еді Президент.

Жаңа заңда не өзгереді?

  • Ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақаты қылмыс санатына өтті. Бұрын бұл әрекеттер үшін әкімшілік жаза қолданылса, енді қылмыстық жаза қарастырылады.
  • Бұзақыны жазалау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Яғни полиция дерек бойынша тікелей шара қолдана алады.
  • Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлықта татуласу болмайды.
  • Сот агрессорды психологиялық емдеуге жібере алады. Жәбірленушімен кездесуге, тіпті бірге тұруға тыйым салынады. Бұл шектеу үй агрессордың атына тіркелсе де күшінде қалады.

Жаңа заң тек жазалаумен шектелмейді. Ол алдын алу мен қолдау жүйесін де қамтиды:

  • Сот шешімімен 52 адам психологиялық оңалту бағдарламасына жіберілді.
  • Ел бойынша 20 жаңа психологиялық көмек орталығы ашылды.
  • Қазір Қазақстанда 112 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
  • 2025 жылдың бірінші тоқсанында 34 мың отбасы құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек алды.
  • 2 мың отбасы тұрақты қолдауға алынған.

Заңның нақты нәтижесі бар ма?

Иә. Заң қабылданғаннан кейін бір жылдың ішінде:

  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық 20,5%-ға азайды;
  • Отбасылық қылмыс 29%-ға төмендеді;
  • Кәмелет жасына толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар 21,3%-ға азайды;
  • Педофилия фактілері 40,7%-ға қысқарды.

19 мың оқиға жәбірленушінің арызынсыз-ақ анықталған. Бұл — жедел топтардың, әлеуметтік желі бақылауының, куәгерлер мен сарапшылардың жұмысы нәтижесінде тіркелген деректер.

Мектептерде «111» байланыс орталығының QR-кодтары орнатылғаннан кейін буллинг пен зорлық туралы хабарламалар көбейе түсті. Жыл басынан бері балалардан 86 мыңнан астам SMS келген. Оның ішінде 2 мыңнан астамы – зорлық, буллинг немесе отбасындағы қиындыққа байланысты көмек сұраған. 28 бала өз-өзіне қол жұмсамақ болған – дер кезінде анықталып, көмек көрсетілген.

Бұл орталыққа ересектер де жүгінеді: 5 айда 62 мың қоңырау түскен. Олардың көбі балалар қауіпсіздігі, психологиялық көмек және отбасындағы зорлық мәселелерімен байланысты.

Бір жылдың ішінде Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықпен күреске нақты қадам жасай алатынын дәлелдеді. Жаңа заң – жай ғана құқықтық құжат емес, мемлекеттің өз азаматтарын қорғауға дайын екенін көрсететін маңызды шешім.

Роксана Глыбова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу