Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді талап етемін – Қ.Тоқаев
Фото: smi24.kz
Буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.
Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн екендігіне де назар аудартты.
– Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.