KZ
Өскемен
-24°
небольшая облачность жел 1 м/с, Ю
518.39 603.09 6.68

Инвестициялар еселенді: ауыл шаруашылығына 516 млрд теңгеден астам қаржы құйылды

pixabay.com

15.09.2025, 19:00 199 Төлеуғазы Жансая

2025 жылғы қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан аграрлық секторда оң динамикаға қол жеткізді. Елімізде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға өсіп, 3,6 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы АШМ мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Көрсеткіш ең алдымен мал шаруашылығы өндірісінің 3,2%-ға, ал өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 4%-ға артуымен байланысты. Мал шаруашылығы саласында 696,2 мың тонна ет, 2,6 млн тоннадан астам сүт және 3 млрд данаға жуық тауық жұмыртқасы өндірілді. Мал басы да бірқатар бағыттар бойынша көбейді: жылқы саны 6%-дан астамға, түйе – 4%-ға, құс – 2,8%-ға артты.

Агроөнеркәсіп кешенінің тағы бір маңызды жетістігі – қайта өңдеу саласындағы өсім. Елімізде қант өндірісі 24%-ға, ет консервілері 30%-ға, өсімдік майы 27%-ға, ал шұжық өнімдері 9%-ға жуық көбейді. Сонымен қатар, сары май мен қышқыл сүт өнімдерінің өндірісі де едәуір артқан.

Жалпы тамақ өнімдері өндірісі 10%-ға, сусындар өндірісі 7%-дан астамға ұлғайды. Бұл қазақстандықтардың азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейінің артуымен қатар, ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етуде.

Салаға құйылған инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсті. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығына негізгі капиталға салынған қаражат 516 млрд теңгеден асып, былтырғыдан 27%-ға көп болды. Ал тамақ өнімдері өндірісіне бағытталған инвестициялар 42,8%-ға артқан.

Мамандардың айтуынша, аграрлық сектордағы өсім елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ғана емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауылдағы табыстың артуына және Қазақстанның экспорттық әлеуетінің кеңеюіне жол ашады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу