KZ
Өскемен
-8°
плотный туман Штиль
505.53 593.44 6.34

Жыл соңына дейін қорғаншылық органдарының штаты 1383 адамға дейін ұлғаяды

stock.adobe.com

22.09.2025, 12:00 172 Төлеуғазы Жансая

Елімізде балалардың құқықтарын қорғау саласында маңызды өзгерістер жүзеге асуда. Қорғаншылық органдарының мамандарының саны соңғы уақытта 3,3 есеге артып, 303-тен 1006-ға жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш отбасыларға көрсетілетін көмектің ауқымын кеңейтуге, қолжетімділікті арттыруға және сүйемелдеудің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін штаттық құрам 1383 маманға дейін ұлғайтылмақ.

2024 жылғы желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес, елімізде алғаш рет нақты норма бекітілді: енді әрбір 5 мың балаға бір қорғаншылық органы маманы қарастырылады.

Сонымен қатар, өңірлерде қорғаншылық органдарының жұмысын үйлестіретін жаңа құрылымдар ашылып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Алдағы уақытта осындай бөлімшелер Астана қаласында және Қостанай облысында іске қосылады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бұл өзгерістердің маңызын атап өтті.

«Жаңа штаттық норма Қазақстан үшін алғаш рет енгізіліп отыр және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Бұл жергілікті деңгейде туындайтын мәселелерді жедел шешуге, сондай-ақ балалар мен олардың отбасыларына уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Бұған дейін министрлік Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, қорғаншылық органдары қызметкерлеріне семинар-тренинг өткізген болатын. Нәтижесінде мамандарға әдістемелік ұсынымдар беріліп, бүгінде олар тәжірибеде қолданылуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу