ШҚО-дағы өрттің 42%-ы электр құрылғыларынан болады
Фото: gov.kz
19 сәуірде Өскемендегі «Звезда» саяжай қоғамы аумағында өрт шыққан.
Мамандардың ақпаратына сүйенсек, өңірдегі өрттің 42%-ы электр жабдықтары мен құрылғыларын дұрыс пайдаланбаудан болады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Саяжай қоғамындағы шақыртуға барған ШҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің мамандары барлау жүргізіп, 2 қабатты саяжай үйінде шатырдың ағаш конструкциялары, есік бағаналары, жиһаз, тұрмыстық техника, жеке заттар жанып жатқанын анықтаған. Өрт сөндірушілер 80 шаршы метр аумақты жаулаған өртті толығымен сөндірді. Алдын ала болжам бойынша, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себебінен өрт шыққан. Қызыл жалынды сөндіруге 7 бірлік техника мен жеке құрамның 25 қызметкері жұмылдырылды.
Өрт статистикасы бойынша, ұзартқышқа тым көп құрылғы қосу, қуаттау кезінде ұялы телефонды қараусыз қалдыру және өзге жағдайлар өрт тұтануының басты себебі екен.
Жыл басынан бері 150-ден астам өрт шығып, оның 64-і немесе 42%-ы электр жабдықтары мен құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамаудан болған.
ШҚО ТЖД өрт кезінде «101» және «112» нөміріне хабарласу керектігін еске салады.