"Ауыл аманаты" ШҚО-да қалай жүзеге асады?
шартты сурет
Биылдан бастап облыста халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырыла бастайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықовтың айтуынша, осы жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде ауыл халқына 1,5 млрд теңгенің несиелерін беру көзделген.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдап, тұрғындарды аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу,
Павлодар мұнай өңдеу зауытынан көктемгі дала жұмыстарына 20 мың тонна, мал азығын дайындауға 5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл облыс фермерлерінің сұранысын толық өтейді. Биыл өңіріміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарына Аграрлық несие корпорация арқылы 8 млрд теңге несие қаражатын беру көзделген, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіске 2 млрд теңге берілмек.
Жалпы, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 24,5 млрд теңге мөлшерінде қаржы бөлінген, бұл қаржы өсімдік және мал шаруашылықтарын дамытуға, инвестициялық субсидиялауға, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталады.