Ауыл шаруашылығындағы экспорт 482,4 миллион долларға жеткен – ШҚО
Фото: Шартты сурет
Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 482,4 миллион АҚШ долларын құрады.
Бұл саладағы жалпы өнім құны 527,3 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдегі сала ахуалы жайлы баяндама жасап, көктемгі егіс жайының жай-жапсарын түсіндірді.
Оның айтуынша, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2021 жылмен салыстырған 118,6%-ға өсіп, 527,3 млрд теңгені құрады.
Аталған салада жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 2022 жылдың 9 айы бойынша 4020,7 мың теңге көлемінде.
Статистикалық мәліметке сай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2022 жылы 482,4 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2021 жылғыға қарағанда 148%-ға артық. Ал экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген өнімдер үлесі – 33,3%.