2025 жылға қарай мектепке дейінгі 2892 ұйым ашу жоспарланған – ШҚО

Фото: gov.kz
ШҚО білім басқармасының дерегі бойынша, облыста 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылған. 2025 жылға қарай 2-3 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен 100% қамту жоспарланған.
Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін қосымша 2892 жаңа орын ашу міндеті тұр. Оның ішінде жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру да қамтылған. Соңғы 3 жылда 2800-ден астам орынға шақталған 16 мектепке дейінгі мекеме ашылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазіргі уақытта жекеменшік балабақшаларды ашу үшін кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Соның бірі – мемлекеттік қолдау аясында Ұлан ауданы Герасимовка ауылында ашылған 162 балаға арналған «Болашақ» жекеменшік балабақшасы. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша бұрынғы балабақшаның бос ғимаратын сатып алып, оны қауіпсіздік ережелері мен заманауи стандарттарға сай жабдықтаған. Бұл ауылда кезекте тұрған балаларды толық қамтуға және 33 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда аудандағы мектепке дейінгі 34 ұйымда 1351 бала оқиды. Сонымен қатар 463 бала мектепалды даярлық сыныптарында білім алады. Ауданда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтылған.
2-3 жасар балаларды толық қамту үшін мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту жоспарланып отыр. Биылғы қыркүйек айында Азовое орта мектебіне қарасты шағын орталықта 25 балаға шақталған топ ашу жоспарланған. Ал 2024 жылы Қасым Қайсенов кентіндегі тұрғын үй ғимаратының бірінші қабатында 75 орындық балабақша ашылмақ.
Осылайша, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар мен кәсіпкерлердің осы салаға ден қоюы міндеттерді іске асыруға серпін береді.