«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы қызмет көрсете бастады – ШҚО
Фото: Шартты сурет
23 мамыр мен 12 маусым аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы шалғайда орналасқан 11 бекетті аралап өтпек.
Пойыз бүгін, 23 мамыр күні Жарма станциясына аялдады. Келесі кезекте Ертіс зауыты, Тишинская, Ермаковка, Таусамалы, 31 мамыр Алтай, Күмістау, Шар, Суықбұлақ, Белағаш және Дегелең бекеттеріне тоқтамақ, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем көрсетіп, кеңес беріп, тексеру жүргізеді. Мамандар қажет болған жағдайда ота жасап, нақты мамандар мен емханалары жоқ ауылдардың тұрғындарына жолдама береді. Қабылдау сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жалғасып, сағат 13:00-ден 14.00-ге дейінгі уақытты түскі ас үзілісіне бөледі.
Пойыз бағыты медициналық кабинеттері жоқ елді мекендерді қамти құрылған. Шалғай бекеттердің тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр сынды біліктілігі жоғары мамандардан кеңес алып, тегін тексеруден өте алады. Пойыз заманауи жабдықтармен, ота жасалатын шағын зертханамен және өзге де қажеттіліктермен жабдықталған.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынысы бойынша алғаш рет психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби психолог, медиатор және заңгер қызмет етеді. Сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлем мен атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша тегін кеңес беріледі.