KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
478.54 533.76 5.17

Семей полигонының зардабын тартқандардың нақты саны белгілі ме?

Фото: Шартты сурет

24.05.2023, 22:46 266

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Семей полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы мәселе көтерді.

Депутат полигон зардабын тартқандардың саны туралы нақты дерек әлі жоқ екенін жеткізген, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

– Бұл аймаққа орны толмас экологиялық залал келтірілді. Біздің алдымызда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар. Біздің еліміздің аумағында полигон қызметінің нәтижесінен зардап шеккендердің саны туралы нақты дерек әлі жоқ. Түрлі ақпарат бойынша 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Полигонға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары радиациядан болған аурулардан зардап шегіп отыр,  деді Нұрлан Әуесбаев.

Депутат Жапонияда ядролық бомбадан зардап шеккендерге ай сайын бірқатар төлем қарастырылғанын айтты. Олардың сомасы 1000 доллардан асатын көрінеді.

– Бұған дейін Үкімет 2017-2019 жылдар аралығында полигон салдарынан зардап шеккен адамдарды және олардың ұрпақтарын медициналық-әлеуметтік қорғау қағидатын іске асыру үшін зерттеу жүргізілгенін, сондай-ақ осы зерттеудің нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, шешім қабылданатынын хабарлаған. Алайда бұл зерттеудің нәтижесі ұсыныс деңгейінде қалды. Бұл зерттеуге бюджеттен тиісті қаражат жұмсалғанын атап өткім келеді. 2021 жылы әзірленген тәсілдерді талқылау және нақты ұсыныстар енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылатыны және азаматтарға атаулы әлеуметтік қолдау көрсетуге көшуді дәйекті іске асыру жөніндегі тәсілдер әзірленетіні хабарланды. Дегенмен, жұмыс нәтижелерін көрмей отырмыз,  деді депутат.

Осының негізінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу, ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды персоналды есепке алуды қамтамасыз ету, ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтардың санаттарын айқындау өлшемшарттарын қайта қарау, ведомствоаралық жұмыс тобының нәтижелерін ұсыну, радиациядан ластанған аумақтарды оңалту туралы ұсыныс жасады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив