KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Шығыс Қазақстан кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несиені пайдалануға мүмкіндік бар

Фото: ШҚО КП

3.06.2023, 12:41 282

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов ШҚО кәсіпкерлеріне "Ауыл аманаты" жобасын таныстырды.

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасында бизнес субъектілері облыс әкімі Даниал Ахметовпен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновпен кездесті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Жиында мәртебелі мейман кәсіпкерлерді "Ауыл аманаты" жобасы шеңберінде жеңілдікті несиені пайдалануға шақырды, ал ШҚО кәсіпкерлер палатасымен "Oskemen-Atameken" МҚҰ-ның осы жобаға кепілгер ретінде қатысу мәселесін қарау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге ШҚО кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнеркәсібі кеңесінің отырысына қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы "Ауыл аманаты" жобасының мүмкіндіктерін таныстыру болды. Оның мақсаты – аудандардың өмір сүру деңгейі мен экономикасын арттыру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және ауыл әлеуетін тиімді пайдалану. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында құрылған.

АӨК кеңесінің отырысына облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев, Amanat партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев, "Аграрлық несие корпорациясы" облыстық филиалының басшылығы, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің және БАҚ өкілдері қатысты.

 Алтай Көлгінов "Ауыл аманаты" жобасының шарттары туралы айтып берді. Ол бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілері шағын және орта бизнесті ашуға және дамытуға 8,625 млн теңгеден (жекелеген шаруашылықтар үшін) 27,6 млн теңге (кооперативтер үшін) сомасына дейін 2,5%-бен жеңілдікті кредиттер ала алады. Несие беру мерзімі 60 ай, қамтамасыз ету ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады.

– Бұл бірегей жаңа бағдарлама сіздер, ауыл тұрғындары үшін өз ісіңізбен – мал шаруашылығымен, құс шаруашылығымен, өсімдік шаруашылығымен немесе ауылдағы басқа да шаруашылықпен айналысу үшін қабылданды. Егер сіз ауылшаруашылық техникасын сатып алсаңыз – мемлекет 50% субсидиялайды. 2,5%-бен қазір ешқандай банк несие бермейтінін және ешкім ауыл мүлкін кепілге алмайтынын ескеру қажет. Мен бұл қайтарымды қаражат екенін түсіндіремін. Мемлекет бұл ақшаны қайтаруы керек. Бірақ егер сіз өз жобаңызды жақсы жүзеге асырсаңыз, бұл қаражат осында жинақталады және айналымда сіздің аймағыңызда болады. Сондықтан сіз әлі де осындай шағын несие алуға сене аласыз", – деп түсіндірді Алтай Көлгінов.

Кездесуде облыс әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанда сүт өндіру саласының дамуына және "Ауыл аманаты" жобасын іске асыру болашағына назар аударды. Әкім сондай-ақ шаруаларға ШҚО-да 2011-2014 жылдары қалыптасқан жағдай туралы еске салды.

– Сол кезде біз облысымызда 14 млрд теңгеге жуық несие бердік, ал қарыз алушылардың 65%-ы оларды қайтарған жоқ. Көздерін жұмып, қол қойды, тез ақша таратты, өздерін Қазақстанда үздік деп жариялады. Бірақ кейін ешкім төлегісі келмеді. Енді біз бұл ақшаны бюджеттен қайтарамыз. 13,5 млрд-тан 8 млрд-қа жуық теңге қайтарылмаған. 11 мың іс сотқа кетті. Мен әр әкімді сотқа талап-арыз беруге мәжбүр еттім. Өйткені ертең ол әкімге де жауап беруге тура келер еді, – деген өңір басшысы бұл жолы ШҚО-да мұндай жағдайға жол берілмейтінін айтты.

Жиында Amanat партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев 5-8 маусым аралығында ШҚО-ның барлық аудандарында Amanat партиясының филиалдары жобаның әлеуетті қатысушылары үшін тегін оқыту өткізетінін, оның барысында қарыз алушыларға қандай құжаттар топтамасын жинау қажеттігі және болашақта өз жобаларын қалай іске асыру керектігі туралы айтып беретінін жеткізді.

ШҚО әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың хабарлауынша, жергілікті атқарушы органдар өңірлерге арнайы барып, облыс тұрғындарына "Ауыл аманаты" жобасының шарттарын, мақсаттары мен бағыттарын түсіндірген. Жалпы, облыста жоба бойынша 300-ге жуық кредит беру және 320-дан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

 

– ШҚО-да орта және шағын шаруашылықтар, жеке қосалқы шаруашылықтар бар. Сондықтан егер олар 8 млн теңгеден артық соманы алғысы келсе, біз шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіруге кеңес береміз. Жобаны іске асыруға келетін болсақ, бізде "Ертіс" ӘКК атынан сенім білдірілген өкіл бар. Бірақ сонымен бірге ШҚО кәсіпкерлер палатасының қатысуымен "Oskemen-Atameken" МҚҰ құрылды, онда мемлекет бар, ресурстар мен оң жұмыс тәжірибесі бар және олар да қатысқысы келеді, – деді Ержан Нұрбаев.

"Oskemen-Atameken" МҚҰ-ның жобаны іске асыруға қатысуы мәселесін облыс әкімінің орынбасарымен қосымша талқылау барысында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев МҚҰ жұмыс істеген уақыт ішінде таза несие портфелі құрылғанын, қарыз қаражаты 177 клиентке берілгенін және бірыңғай кешіктірусіз өтелетінін растады.

Ұйымда барлық қажетті ресурстар – Өскеменде үй-жай мен ұйымдастыру техникасы, тәжірибелі қызметкерлер штаты, сондай-ақ облыстың барлық аудандарындағы ӨКП филиалдарының директорлары мен консультанттары қарастырылған. Осыған байланысты "Oskemen-Atameken" МҚҰ-ның жобаны кепілгер ретінде іске асыруға қатысу мүмкіндігін қарастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

"Ауыл аманаты" жобасын іске асыру мәселелері бойынша өңір тұрғындары Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына мына мекенжай бойынша жүгіне алады: Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 26/1, 1 қабат, каб. 3, тел.8 (7232) 742-107.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу