ШҚО: «Ауыл аманаты» жобасының өкілдері тұрғындарымен кездесті
Ел Президентінің тапсырмаларын және «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының» кешенді жоспарын орындау мақсатында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асып жатыр. Жобаның негізгі шартына келетін болсақ, тұрғындарға 2,5% мөлшерлемесінде несие беру арқылы ауылдық округтегі кәсіпкерлікті кешенді дамыту және оларға қызмет көрсететін сервистік-дайындау кооперативін құру.
Осыны басшылыққа «Ауыл аманаты» жобасының өкілдері Шығыстағы елді мекендерді аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті.
– Ұлан ауданындағы Бозанбай және Тарғын ауылдарының тұрғындарымен кездестік. Тұрғындар несие алу кезінде кепілдікке қойылатын жылжымайтын мүлікке байланысты және шағын кооперация құруға қатысты сұрақтар қойды. Жобаның негізгі мақсатын жан-жақты талдап түсінірген кезде тұрғындар қызығушылық танытып, ұсыныстарын айтып, ортаға тың ой тастады, – дейді «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бизнес-тренер Жұмагүл Мақашева.
Естеріңізге саламыз, бұған дейін аталмыш жобаның бірінші бөлігі жүзеге асырылды. Ол кезде, 11-20 шілде аралығында, «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауыл және ауылдық округ әкімдерін оқытуды ұйымдастырған. Оқуға Шығыс Қазақстан және Абай облысынан 240 әкім қатысты.