Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші жолда тоқтатылды – ШҚО
Фото: egemen.kz
25 шілдеде "Өскемен-Риддер" автожолын түнгі патрульдеу кезінде ШҚО ПД патрульдік батальонының қызметкерлері сағат 01.00 шамасында Риддер қаласының маңында 35 жастағы қала тұрғыны басқарған "BMW" маркалы автокөлігін тоқтатты.
Құжат тексеру кезінде тұрғын көлік құралын басқару құқығынан 8 жыл мерзімге айырылғаны анықталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталған азаматқа қатысты шешімді 2020 жылы Риддер қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шығарған. Алайда қала тұрғыны қайтадан көлік тізгіндеген.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл елу айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды немесе он тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
Жиналған материал әкімшілік сотқа жіберілді. Тәртіп бұзушының көлігі айыппұл тұрағына қойылды.
Осы жылдың басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, көлік тізгіндеген 37 жүргізушіні анықтаған.