Катонқарағайда ат жарыс өтті – ШҚО
Фото: Аяужан Утеулинова
Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай музейде өткен шара мен астан кейін жұрт ауданның шет жағындағы ақшаңқан киіз үйлер тігілген алаңға бет бұрды. Бірі сахнадағы әуенге құлақ түрсе, бірі тұлпардың тұяғының дүбіріне делебесі қозып, атшабарда айқайға басты. Ат жарыстары Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына және атақты атбегі, Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығына арналыпты.
Бабы келген жүйрікке деп екі темір тұлпар тігілсе, өзге спорт түрлері бойынша жеңімпаз болғандарға қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Торқалы той, айтулы асқа жиналған жұрт атшабарда аударыспақтан сынға түскен мықтылардың сайысын тамашалап, жорға мен жүйріктің шабысына қиқу қосты. Жылқықұмар жұрт 10 шақырымдық құнан бәйгені, 7,5 шақырымдық жорға жарысын, 15 шақырымдық топ бәйгені, 25 шақырымдық аламан бәйгені тамашалады. Абай облысынан келген Әлімжан Мейрамбектің «Жел» атты жүйрігі топ бәйгеде топ жарып темір тұлпардың бірін алып қайтты. Ал 25 шақырымдық аламан бәйгеде алматылық Үмбетов Дәуреннің «Тайван» атты жүйрігі жүлделі бірінші орынға тігілген көліктің бірін қанжығалады. Өзге де бәйгелі орыннан көрінген жүйріктер де қомақты ақшалай жүлделерді еншілеп қайтты. Сонымен қатар аударыспақ, гір көтеру, қол күрес, арқан тартыс, волейбол сайыстарынан жеңімпаз атанғандар да құр қайтпады. Жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлық пен марапаттың иегерлері атанды.
Бір күн бойы өткен дүбірлі той кешкісін гала-концертпен жалғасын тапты. Осылайша, алыс Алтайдың қойнауындағы жұрт Оралханның тойын тойлап, жерлес жазушының ғибратты ғұмырын ұрпаққа өнеге етті.
Қызырбек Дүргінбайұлы