KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
480.55 533.75 5.36

Катонқарағай ауданында Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді

Автор: Анель Слямғазықызы
Автор: Анель Слямғазықызы
28.08.2023, 09:30 6 210 Анель Слямғазықызы

Жерлесіміз, көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына биыл 80 жыл толды. Қаламгердің мерейтойын атап өту шаралары туған жері Катонқарағай ауданында сквердің ашылуынан бастау алды.

Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей-үйінің ашылу салтанаты.
Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаевтың демеушілігімен 10 млн теңгеге Оралхан Бөкей тұрған үйді сатып алып, музей жинақтап, мемлекет қарамағына берген.

«Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орайластырылған іс-шаралар кәсіпкерлердің қолдауымен қолға алынды. Бүгін – мерейтойдың алғашқы күні. Қазір қаламгер атындағы мұражай-үйдің салтанатты ашылуы болады. Биыл қорымыз 54 млн теңге көлемінде жергілікті кәсіпкерлер қаражат жинап, жазушының балалығы өткен туған үйін сатып алып, мұражайға айналдырды. Мұражай мемлекет қарауына берілді. Жалпы, бас демеушілер ретінде Қатонқарағай кәсіпкерлері қолдау білдірді. Одан кейін этноауылда аламан бәйге өтеді. Жалпы, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығын тойлау республика көлемінде, халықаралық деңгейде өтпек. 15 қыркүйекте Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, «Әзірет Сұлтан» мешітінде құран бағыштап, ас беру жоспарланып отыр. Одан кейін «Қар қызы» пьесасы сахналандырылады. Ал Алматыда Жазушылар одағы халықаралық конференция ұйымдастырып, ақындар айтысы өткізіледі. Катонқарағай дегенде есімізге бірден Оралхан Бөкей оралады. Оралхан – осы жердің көркемдігін, тұмса табиғатын талайға сөзбен суреттеп берген қаламгер. Сондықтан оның мерейтойын абыроймен өткізу – біз үшін аманат»,  деп Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры басшысы Серік Жүнісов ойын бөлісті.

Жалпы, іс-шараға Оралхан Бөкей шығармаларына арқау еткен, табиғатын жырлаудан жалықпаған Өр Алтайдың төріне жазушының жақындары, ақындар, жерлестері жиналды. Сондай-ақ Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық көрме ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарды О.Бөкей мұражайына сыйға тартты.
Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі Жәнібек Қабдуәлиұлы Қызыров қаламгерлер шығармашылығын дәріптеп, есімін еске алуға арналған жиын жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды деген пікір айтады.

«Оралхан Бөкей  қазақ жұртшылығының мақтанышы. Қысқа ғана ғұмырында талантымен, еңбегімен үлкен жетістіктерге жетті. Қаламдас досы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ: «Орекең  талантымен елін де, жерін де, өзін де әлемге танытып, биіктен көрінген тұлға». Оралхан Катонқарағайдың мақтанышы. Алақандай ғана Катонқарағайдан Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан сынды көп мықты қаламгер шықты. Ал Оралхандай талантты жазушыны еске алуға арналған іс-шара катонқарағайлықтардың рухын көтерері сөзсіз. Талантты ұлдарымызбен мақтанамыз деп қана қоймай, мұндай жиындарды жиі өткізу керек. Өйткені жас ұрпаққа үлгі етіп, еске салып тұрған абзал. Той тойға ұлассын!»  деді Жәнібек Қызыров.

Жиынға Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы Мағзумова қатысып, жиналған қауымды қаламгердің мерейтойымен құттықтады. Катонқарағайда ашылып жатқан Оралхан Бөкейдің мұражай-үйіне Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады. Сонымен қатар Оралханның жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады.
Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, сондай-ақ ауданның құрметті қонақтарына «Оралхан Бөкейге 80 жыл» атты төсбелгілері табысталды.

«Шолпандай таң алдына туып-батты» атты  жаңа кітап жарық көрді.
Мерейтой этноауылда әр қаладан жиналған шабандоздардың бәйгесі, ұлттық ойындармен жалғасты.
Күні бойы жалғасқан шара спорттық ойындардан озып шыққан үздіктерді марапаттау салтанаты және үлкен гала-концертпен аяқталды.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив