KZ
Өскемен
-13°
плотный туман Штиль
498.55 524.28 4.75

Оралхан Бөкейдің тойы туған жерінде тойланды

Фото: Аяужан Утеулинова

28.08.2023, 12:25 283

Қарт Алтайдың асқақтығын қаламымен әйгілеп кеткен сөз зергері Оралхан Бөкейдің туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Жарты ғасыр ғұмырында жасындай жарқ еткен жазушы көркем туындыларымен көпшіліктің көңіл пернесін дөп басып, жүрегінен орын алды. Бүгін жазушының 80 жылдығын жұрт болып дүркіретіп тойлап жатқандығы соның бір дәлелі. 

Халық таң ата Катонқарағай ауданының орталық алаңындағы Оралхан Бөкей ескерткішінің алдына жиналып, тағзым етті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Біз бұл жолы қаламгер туған қарт Алтайдың бауырында өткен тойды тамашалап қайттық. Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған іс-шаралар облыс орталығында осыған дейін басталып кеткен болатын. Ал Алматы мен Астана сияқты ірі мегаполистерде алдағы туған күні қарсаңында үлкен іс-шаралар өтпек. Сондықтан да туған жерінде жазушының тойы ертерек тойлануда. Қаламгер рухына тағзым жасауға ниетті жұрт таң ата Катонқарағай ауданының орталық алаңындағы Оралхан Бөкей ескерткішінің алдына жиналды. Жазушының жерлестері, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер және билік өкілдері торқалы тойдың ашылу салтанатына қатысып, қаламгер ескерткішінің алдына гүл шоғын қойып, тағзым жасады.

– Оралхан Бөкейдің 80 жылдық тойын аудан әкімшілігінің қатысуымен осыған дейін бастап кеткен болатынбыз. Атап айтар болсақ, облыс орталығында ғылыми конференция және ақындар мүшәйрасы өтті. Бірқанша мектепте «Оралхан оқулары» өтіп, жеңімпаздар анықталды. Ең бастысы, Оралхан Бөкейдің өзі тұрған музей-үйі күрделі жөндеуден өтіп, бүгін пайдаға берілмек. Музейдің қайта жаңғыруына жерлес кәсіпкерлер тікелей көмектесті. Одан бөлек, музей-үйдің алдында жазушының бюсті қойылып, аламан бәйге және спорттық шаралар өтеді, – деді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалихан.
 

Қызырбек Дүргінбайұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу