Болашақ чемпиондарды қайда дайындайды?
Риддерді қысқы спорттың отаны деп бекер атамайды. Қаланың табиғатының өзі осыған бейімделген. Ал болашақ чемпиондарды кикбоксингтен бес дүркін әлем чемпионы Асқар Можанов басшылық етіп отырған Олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде дайындайды.
Мектептің тарихы 2002 жылдан бастау алады. Бұл – шаңғымен жүгіру, биатлон, тау шаңғысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноубординг, есу слаломы және жеңіл атлетика секілді олимпиадалық спорт түрлерін дамытумен айналысатын жалғыз республикалық интернат, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Иванов жотасының етегінде орналасқан шағын қалаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар келіп оқиды. Бүгінде мектеп-интернат-колледжінде елімізің 9 өңірінен келген 250 бала бар, олардың ішінде 80 бала қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының құрамына және Қазақстан құрамасына кіреді. Балалар оқуды 7 сыныпта бастайды, сабақтар екі тілде жүргізіледі.
Балаларға Риддерде оқыған ұнайды екен. Әр бапкер тәрбиеленушісінің еліміздің туын ертең әлемдік аренада көтеретінін білгендіктен, оны баптауға жанын салады.
Мол тәжірибесі мен әлемдік даңқы бар мектеп басшысы да өзінің спорттық тәжірибесімен және чемпион болудың сырымен бөлісіп отырады.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда мектепте балаларға барлық жағдай жасалған, мұнда лицензияланған медициналық кабинеттер, оқу сыныптары, кітапхана, асхана, жаттықтыру залдары және т.б. бар.
Дегенмен, балалардың медаль үшін халықаралық деңгейде сенімді күресуі сапалы материалды-техникалық базаны қажет етеді.
Айтуынша, алдымен Спорт және туризм министрлігі сараптама жүргізуі тиіс, содан кейін ғана нысанның тағдыры шешіледі.