KZ
Өскемен
-8°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Әлихан Смайылов Өскемен титан-магний комбинатында болды

Фото: primeminister.kz

6.10.2023, 18:35 357 Мадина Амангелдіқызы

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Әлихан Смайылов шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық технологиялық өндірісті қамтитын әлемдегі іргелі салалық кәсіпорындардың біріне барды. Өскемен титан-магний комбинаты – Қазақстан түсті металлургиясының флагманы.
Шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклімен жұмыс істейтін кәсіпорында кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпалары, титан қаңылтақтары, құймалардағы бастапқы магний, ванадий пентаоксиді жасалады. «Өскемен ТМК» АҚ-ның өнімдері АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей сияқты шетелдерге экспортталады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ал өскемендік кәсіпорынның серіктестері ретінде әлемге әйгілі BOEING, Airbus, Nippon Steel, SNECMA, General Electric және басқа да компанияларды атауға болады.
Комбинатта жоғары автоматтандырылған өндіріс деңгейі енгізілген, соған қарамастан мұнда қазір екі мыңнан астам адам жұмыс істейді.

– Бүгін біз Премьер-министр Әлихан Асханұлына титан құймалары мен қорытпаларын өндіру цехын таныстырдық. Цехтың өнімі дамыған елдерге 100% экспортталады. Олар біздің өнімді аэроғарыш саласында пайдаланады. ТМК-ның титан өндірісіндегі үлесі 14% болса, аэроғарыш сегментінде – 21%. Алпауыт авиакомпаниялармен жұмыс істей отырып Титан-магний комбинаты қазақстандық титанның сапасы өте жоғары екендігін көрсетеді, - деді «Өскемен ТМК» АҚ-ның президенті Әсем Мамутова. - Бүгін комбинатты дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған бағдарламасы таныстырылды. Қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 335 млн доллар. Аталмыш бағдарлама кеуекті титан өндірісін жаңғыртуға және қайта құруға, комбинаттың жобалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кәсіпорын басшысы «Өскемен ТМК» АҚШ нарығында тікелей жұмыс істейтін Қазақстандағы жалғыз өндіріс екенін атап өтті. Сол себепті комбинатқа жеңілдетілген тарифтер, субсидиялар қарастырылмаған, барлық қаржыландыруды коммерциялық банктерден алады.
Естеріңізге сала кетейік, жеңіл және берік титан өнімдері авиация, ғарыш өнеркәсібінде кеңінен қолданылады, сондай-ақ сүңгуір кемелерді құрастыруда, мұнай химия және медицина саласында таптырмас шикізат.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу