KZ
Өскемен
-7°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Титан балқытқан төрт әулет

7.09.2019, 17:25 148

– Артық-кемі жоқ, тұп-тура жарты ғасыр Титан-магний комбинатында қызмет қылдым, – деп бастады әңгімесін Сәкен Нұртазин. – 1962 жылы Алматының политехникалық институтын бітіріп келген соң, бірден осы өндіріс ошағына қызметке тұрдым. Алғашқы қадамым жұмыс барысын қадағалап, құрал-жабдықтарды тәжірибеден өткізетін цехтан басталды. Соңғы он жылдың беделінде өндірістік-техникалық басқарманың басшысы болдым.

– Зейнетке де сол жерден шықтым, – деп жалғады сөзін ардагер-металлург. – Бірақ сөйтсе де, әлі аттан түсе қойғам жоқ. Комбинатта ақсақалдар кеңесінің төрағасымын. Жалын атқан жастығым өткен шаңырақтан сірә да алыстап кеткім келмейді. Оған қоса бала-шаға, үрім-бұтағым қазір осы өндіріс ошағында жұмыс істеп жатыр. Бәрі де жауапты қызметте. Айта кетейік, бұл – Титан-магний комбинатында табандап еңбек еткен ардагер-металлургтер мен Өскемен қаласы Жаңа Согра елді-мекеніндегі №23 мектеп оқушыларының кездесуі. Әйгілі өндіріс ошағы қамқорлығына алған білім ордасының құймақұлақ шәкірттері еңбекқор азаматтармен кездесіп, олардың әңгімесін тыңдауға құмар-ақ. Неге дейсіз бе? Бұл сұраққа оқушылар жауап берсін. – Біздің болашақта металлург болғымыз келеді. Себебі көбіміздің туған-туысымыз еліміздегі өндірістің қара шаңырағы саналатын осы Титан-магний комбинатында жұмыс істейді. Мектеп бітіргелі отырған оқушылар да негізінен осы саланы таңдап отыр, – деді Әділ Омарханов.
Кездесуге себепкер болған Көшкінбаев пен Попов әулеттерінің де өмір жолы дәл Сәкен Нұртазиндікіндей. Жәнібектей әкені көріп, «оқ жонған» Бауыржан Көшкінбаев №2 цехтың шебері болса, Нұржан Көшкінбаев №22 цехтың экономисі. Ал Иван, Владимир, Александр Поповтар – ыстық пешті цехтың айнымас қызметкерлері.

– Меніңше, Чепрасовтардың тағдыры таңғалдырарлық. Ол әулеттен 14 адам комбинатта жұмыс істейді. Соның ішінде Николай, Федор, Иван, Зоя, Юлиялар түрлі-түрлі бөлім мен цехта басшылық етіп отыр. Мына қызықты қараңыз, есептеп көрсек, осы әулеттің еңбек өтілі 308 жыл екен, – деді кездесудің ұйымдастырушысы, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов. Сағынбек Ақанов ардагерлер кеңесі мұндай кездесулерді көптеп ұйымдастыратындығын айтады.

– Келешек ұрпағымыз алдыңғы буыннан үлгі-өнеге көріп, болашақ кәсібін адаспай тапса дейміз. Титан-магний комбинаты – еліміздің даңқын әлемге асқақтатқан бірегей кәсіпорын. Бірегей кәсіпорында қызмет еткен жастардың да ертеңі жарық. Мұны Президент те өз жолдауында баса айтып кеткен-тұғын, – дейді ол.

 

 

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу