KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
517.66 606.49 6.44

Шығыс Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы шығарылды

Кеше, 13:00 74 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы шығарылды. Бұл жыл өңір экономикасының нақты секторын дамытатын еңбекке, кәсіби шеберлікке деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Облыстық форум аясында жас мамандар, сондай-ақ кәсіпорындар, колледждер мен жоғары оқу орындары марапатталып, өңірдің кадрлық қажеттілігінің аймақтық картасы таныстырылды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің үздік серіктестері мен жеңімпаздарын салтанатты марапаттау форумның басты оқиғасы болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемен қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтары жылы: қорытынды, жетістіктер және жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық форум әлеуметтік серіктестерді, оқытушылар мен студенттерді, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Билік, бизнес және білім беру саласы өкілдері жиналған жиында Шығыс Қазақстан облысының кадрлық әлеуетін дамытудағы нақты нәтижелер сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Негізгі басымдық – колледждер мен кәсіпорындар арасындағы нақты өзара іс-қимыл мен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау.

Форум еңбекке деген құрметті арттырып, кәсіби шеберлікті дәріптеген, сондай-ақ өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына тікелей ықпал ететін жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған нақты қадамдар белгіленген жылдың қорытынды алаңына айналды.

Өндіріс пен білімнің өзара байланысы бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі саналады. Колледждер, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың тығыз әріптестігі өңір экономикасына қажетті білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта мемлекет пен облыс әкімдігі тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп келеді.

– Биыл өңірде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, дуальды оқытуды дамыту және колледждер мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Қазіргі таңда дуальды оқыту облыстың 27 колледжінде жүзеге асырылуда. Оған 5 мыңнан астам студент тартылып, олар 448 кәсіпорынмен бірлесіп білім алып, кейін жұмысқа орналасуда, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірде бірнеше жылдан бері 155 серіктес кәсіпорынға мемлекеттік тапсырыс аясында мақсатты кадр даярлау жүргізілуде. Олардың қатарында «Казцинк», Согра ЖЭО, Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты, «Промтехмонтаж», Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы, Біріккен ЭнергоСервис Компаниясы, Vosca, VK Development Group және өзге де кәсіпорындар бар. Жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 96 студент білім алуда. 2025 жылы 43 түлек оқуын аяқтап, барлығы өңір кәсіпорындарына, соның ішінде «Казцинк», «Өскемен Су арнасы», Бақыршық тау-кен кәсіпорнына жұмысқа орналасты.

Ірі бизнестің колледждерге қамқорлық жасауына да ерекше мән берілуде. Бұл бағытта «Казцинк», Kaz Minerals Aktogay, Согра ЖЭО, Өскемен конденсатор зауыты, Үлбі металлургия зауыты және басқа да ірі кәсіпорындар белсенді серіктес ретінде танылды. Жыл басынан бері қамқорлық танытып келе жатқан кәсіпорындар саны 32-ден 203-ке дейін өсті, бұл бизнестің кадр даярлауға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.

«Жылдың үздік меценаты» номинациясы бойынша «Казцинк» ЖШС марапатталды. Компания кәсіби білім беруді дамытуға, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, WorldSkills чемпионаттарын қолдауға, Колледждер альянсының жұмысын үйлестіруге, студенттердің практикалық дағдыларын сараптауға және білім алушыларды қолдау бағдарламаларын іске асыруға елеулі үлес қосты.

«Үздік әлеуметтік серіктес» номинациясы аясында жұмысшы мамандықтарын дамытуға, студенттердің кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және кадр даярлауға қосқан үлесі үшін Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты, Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО, Біріккен энергосервис компаниясы, Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты, Өскемен ГЭС-і, Өскемен конденсатор зауыты, «Промтехмонтаж» ЖШС, VK Development Group, «VetLab» ветеринарлық клиникалық-диагностикалық орталығы, Qurt & Wine қазақ асханасы, «Поляна» кафесі, СМУ-Восток, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы, Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі марапатталды. Серіктестерге жас мамандарды қолдағаны және жұмысшы мамандықтарын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтылды.

«Үздіксіз білім берудің серіктесі» номинациясы бойынша өңірдің жоғары оқу орындары – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қазақстан-Америка еркін университеті марапатталды.

Форумның жеке бөлігі 2025 жылғы WorldSkills, AgroSkills және Abilympics республикалық чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ұлықтауға арналды. Алтын, күміс және қола медаль иегерлеріне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сыйлықтар мен ынталандыру жүлделерін табыстады. Еске салайық, WorldSkills республикалық чемпионатының қорытындысы бойынша ШҚО құрамасы 2 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль және 10 шеберлік медальонын жеңіп алды. Жеңімпаздар Қытайда өтетін халықаралық чемпионатқа жолдама алды.

«Жылдың белсенді колледжі» номинациясында Өскемен жоғары политехникалық колледжі, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесі, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, Өскемен құрылыс-техникалық колледжі, Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі, Шығыс Қазақстан техникалық-гуманитарлық колледжі және Өскемен экономика және техника колледжі марапатталды.

Форумның қорытынды аккорды ретінде Шығыс Қазақстан облысының кадрлық қажеттілігінің аймақтық картасы таныстырылды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында әзірленген бұл құжат өңір экономикасының қазіргі және болашақтағы кадрларға деген сұранысын айқындап, білім беру жүйесі мен әлеуметтік серіктестер үшін маңызды бағдар болмақ.

– Форумға қатысушылар мен қонақтар, студенттер мен оқытушылар, әлеуметтік серіктестер мен қамқорлық танытып келе жатқан кәсіпорындар! Әрқайсыңызға қосқан үлестеріңіз бен белсенді ынтымақтастықтарыңыз үшін алғыс білдіремін. Студенттерге – өз жолын табуды, педагогтерге – лайықты құрметті, ал серіктестерімізге – білікті де талантты мамандарды тілеймін. Жаңа жетістіктер ортақ табысымызға айналсын! – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Форум этно-фольклорлық «Алас» ансамблінің «Рухты ел» композициясымен, «Аллегро» тобының «Алға» әнімен, Dramline барабан шоуымен және Байбусынова Арниканың «Еңбек адамы» әнімен аяқталды.

Шығыс Қазақстан облысындағы Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындылары жұмысшы кәсіптердің – жауапкершілік пен жасампаздықтың, өңір болашағының берік негізі екенін көрсетті. Ұсынылған кадрлық қажеттілік картасы мен білім беру мен өндіріс арасындағы жүйелі әріптестік кадр даярлаудан бастап, оларды өңір экономикасына табысты интеграциялауға дейінгі келесі кезеңнің бағытын айқындады.


Дамир Омаров

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу