Зайсанда күн күрт жылынып, тауда жаңбыр жауды
Ақпанның 10-ы күні Зайсан өңірінде ауа температурасы +5 градусқа дейін күрт жылынып, таулы аймақтарда жаңбыр жауды.
Таудағы қалың қар жылдам еріп, қарғын су етектегі Зайсан қаласының Малдыбаев, Ноғайбай, Жақсылықов көшелеріндегі тұрғын үйлерге қауіп төндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Табиғаттың тосын мінезіне сақадай-сай дайын болған жергілікті билік пен ТЖ қызметі шұғыл түрде жұмыла әрекет етіп, таудан аққан қар суын аталған көшелердің бойымен ағызып, елді мекеннің сыртына шығарды.
Төтенше жағдаймен күресуге жергілікті билік өкілдерінен 10 адам, бір жүк тиегіш пен бір жүк көлігі, аудандық полициядан 10 адам, үш техника, ТЖ қызметінен 10 адам, екі техника, Шекара басқармасынан 10 адам, барлығы 40 адам, 7 техника жұмылдырылған.
Қазір Зайсан қаласында жағдай тұрақты, үйлерді су басу қауіпі жоқ. Барлық арнайы күштер ауа райының құбылуына байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Жергілікті билік бәрін бақылауда ұстап отыр.