KZ
Өскемен
небольшой снег жел 2,4 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да жергілікті атқарушы билік қар суымен күресуге күш жұмылдырды

11.02.2024, 13:21 233 Мадина Амангелдіқызы

Шығыс өңірінде ауа райы құбылып тұр. Қаңтарда жауған қалың қардан кейін ақпан туа күн күрт жылынып, таулы аймақтарда тіпті жаңбыр жауды. Жылдам еріген қар суы елді мекендерге жайылып, жұртшылықтың алаңдаушылығын туғыза бастаған. 

Алайда жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметі өкілдерінің жедел әрі жұмыла әрекет етуінің нәтижесінде тұрғын үйлерді су басқан жағдай болған жоқ, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Өткен түнде Шығыс Қазақстан облысының бірнеше елді мекенінде қарғын судың қаупі төнді. Атап айтсақ, Өскемен, Риддер қалаларында, сондай-ақ Зайсан, Катонқарағай аудандарында көшелерге және үйлердің ауласына топан су жайылды. 


Қар суы облыс орталығындағы Ахмер ауылында бір тұрғын үйдің ауласына кірді. Оқиға орнына жергілікті биліктің, төтенше жағдайдар қызметінің өкілдері және басқа да жауапты сала мамандары шұғыл жетіп, іске кірісті. Қажетті техникалар жұмылдырылды. Соның нәтижесінде су үйге және шаруашылық құрылыстарға кірмеді. Бұл туралы біз өткен түнде оқиға орнынан жазған репортажда баяндадық: https://altainews.kz/kz/44380-skemende-tryn-jdi-su-basudan-aman-satap-aldy.html.

Ақпанның 10-ы күні сағат 19.00 шамасында Риддердегі “Компания ЛК ГЭС” ЖШС қаланы сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Хайрузовка арнасына су жіберді. Жергілікті әкімдіктің және ТЖ қызметінің күшімен өзен суының арнасынан асып, тұрғын үйлерге жайылмауы қатаң бақылауға алынған.

Ал Зайсан ауданында таудан аққан қар суы Жақсылықов, Малдыбаев, Ноғайбай көшелерімен төмен құлдилап, далаға жайылған. Дәл осындай жағдай Катонқарағай ауданының Жұлдыз, Алтынбел ауылдарында да болды. Алтынбелде 10 үйдің ауласына су кірсе, Жұлдыз ауылында үй-жайлардың маңына су жиналған. Қазір аталған аудан-қалаларда бірде-бір тұрғын үйге су кірген жоқ. Жергілікті биліктің жедел әрекет етуінің нәтижесінде жұмылдырылған арнайы күштердің көмегімен қарғын суды бұру, арықтарды тазарту, су жайылу қауіпі бар жерлерді құм-топырақпен бекіту жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар күннің күрт жылынуына байланысты облыстың өзге аудандарында да қауіпсіздік жұмыстары күшейтілген режимге көшіріліп, өңір басшылығы жағдайды бақылауда ұстап отыр.


 

 

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу