Шығыс өңірінде ауа райы күн сайын құбылып тұр
Бір ауданда тоқтаусыз жауған қардың қалыңдығынан жолдар жабылып, көлік қозғалысы қиындаса, енді бір ауданда күн күрт жылынып, қар жылдам ери бастаған.
Табиғаттың тосын мінезінен болуы ықтимал апаттың алдын алу үшін жергілікті билік тиісті жұмыстарды атқарып жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, Марқакөл өңірінде неше күн бойы тоқтаусыз жауған қардың қалыңдығы әдеттегі нормадан асып кетті. Ал Тарбағатай ауданының Жаңалық ауылында күннің күрт жылынуынан Маңырақ тауындағы қар ерген. Қарғын су Жаңалық ауылының іргесіндегі тоғанның арнасынан асып, елді мекенге жайылу қауіпі туғандықтан жергілікті әкімдіктің қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырып, қауіптің алдын алу жұмыстары дереу жүргізілді. Текниканың көмегімен тоғанның арнасы кеңейтіліп, тазартылды. Құм толтырған қаптар әзірленді. Қазір жағдай тұрақты және тұрғын үйлерге ешқандай қауіп жоқ. Жергілікті әкімдік пен жауапты орындар жағдайды бақылауда ұстап отыр.