Облыста ағымдағы су тасқыны кезеңіне дайындық белсенді жүргізілуде.
Бұл туралы ШҚО әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы жөніндегі бөлім бастығы Еркен Сәрсембинов мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Өзендердің кептеліс қаупі бар учаскелерінде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге мұндай жұмыстар Шемонаиха ауданында ғана жүргізілді. Ал 16 наурызда Алтай ауданында да мұз жару іс-шаралары басталмақ. Аймақта алты мың тонна инертті материал, 457 тонна жанармай мен 48 мың дана қап қоры дайындалған. Су тасқынының алдын алу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде, – деп мәлім етті Е.Сәрсембинов.
Оның айтуынша, өңірде су жолдарын қар мен мұз, қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жалғасуда. Соңғы мәліметке сенсек, облыс аумағындағы 72 каналдың 44-і (61 пайыз), 445 арықтың 227-сі (51 пайыз), 277 көпірдің 223-і (81 пайыз), сондай-ақ, автомобиль жолдарының бойындағы 1 735 су өткізу құрылысының 1 087-сі (63 пайыз) мен теміржолдардағы 90 су өткізгіштің 14-і (16 пайыз) осындай жұмыстармен қамтылған. Бүгінге дейін елді мекендер аумағынан 204 мың текше метр қар сыртқа шығарылыпты.
– 2021-2023 жылдары су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде 384 миллион теңгеге 21 іс-шара іске асырылды. Сондай-ақ, облыс бюджетінен профилактикалық қар түсіру жұмыстарына 32 миллион теңге бөлінді. Барлық 132 гидротехникалық құрылысқа бақылау орнатылды. Су электр стансаларының каскады штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұқтырма су қоймасы толымдылығының еркін көлемі жобалық мөлшердің 58 пайызын құрайды. Яғни, төтенше жағдай кезінде су қоймасы қосымша мөлшерде су қабылдай алады деген сөз. Жалпы алғанда, облыстағы жағдай тұрақты, қауіпті аймақтардағы ахуал тәулік бойы бақылауда, – дейді маман.