Маралдыда оқушылар саны кеміп барады – ШҚО
Соңғы жылдары Күршім ауданындағы Маралды ауылының мектебінде оқушылар саны азайып барады. Үш жыл бұрын 126 бала болса, қазір 85 бала қалған. Ал 1993 жылы салынған мектеп ғимараты 600 оқушыны сыйғыза алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ШҚО-дағы жер қойнауын пайдаланушылар мен адамдар тобы арасында туындаған дау туралы өткір жарияланымдарға байланысты жергілікті БАҚ өкілдері бастапқы көзден ақпарат алу үшін арнайы алаң ұйымдастыру бастамасын көтерген болатын. Мемлекеттік органдар, сарапшылар мен БАҚ арасындағы бұл диалогты «Altainews» медиа-орталығы ұйымдастырды.
Аталған жиында ШҚО білім басқармасының басшысы Маралды ауылындағы мектепте білім алушылар санының жылдан-жылға қысқарып бара жатқанын мәлімдеді.
Сала басшысының пікірінше, халықтың көшуіне әлеуметтік жағдай ықпал етеді. Адамдар үшін өмірдің сапасы маңызды. Ал ол білімнен бөлек өзге салаларға да байланысты. Мәселен, өкінішке қарай, қазіргі кезде ауылдағы көшелер мен жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді деуге болады.
Мектепте қазір 49 ауыл тұрғыны еңбек етуде. Оның ішінде 24-і – педагог, өзгелері – қосалқы қызметкерлер. Яғни, мектеп ауылдықтар үшін ең үлкен жұмыс орны болып отыр.